Ақтөбе тұрғыны 47 жастағы әйелді 35 жерден аяусыз пышақтап өлтіріп, оның жансыз денесін екі күн автокөлігінің жүк салғышында сақтаған. Сотта күдікті қылмысты қалай жасағанын толық айтып берді. Қылмыстық іс материалдарына жүгінсек, күдікті марқұм келіншекпен биыл ақпанда танысқан. Өзін ажырасқанмын деп таныстырып, екеуі кездесіп жүрген. Кейін әйел жігіттің отбасы бар екенін біліп қалып, жанжал шыққан. «Әйеліңе айтып қоямын» дегенді естігенде күдікті көлігінде тұрған пышақты алып, келіншекті 35 жерден пышақтап тастапты.Сотқа жәбірленушінің жақындары мен қызы қатысты. Олар кешірім бермейтінін айтты. Күдікті басқа әйелмен байланысымды отбасым, әйелім біліп қояды деп қорыққаннан осындай қылмысқа барған. Кейін есін жинап, мәйітті жүк салғышына салып көлікті үйіне әкеліп қойыпты. Қан болған киімдерін машинкада жуып , қылмысты жасырмақ ойы болған. Эльдар ӘБИЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ: Мұратәлиеваға көптеген дене жарақатын салу арқылы жанын қинап, өлтіру үшін қасақана саналы түрде аса маңызды кеуде органдарына және қол- аяқ бөлімдеріне аталған пышақпен көптеген соққы жасап, тірі кезінде жалпы 35 жерден кесіп тесілген дене жарақаттарын келтірген. Нәтижесінде Мұратәлиева көптеген дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза болды. Еске сала кетейік, 23 ақпанда әкімдік қызметкері 47 жастағы келіншек ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Екі күннен кейін оның денесі күдіктінің көлігінің жүк салғышынан табылды. Қылмыс көше камераларының көмегімен ашылған.