Ақтөбеде полиция бойжеткенді бопсалаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында бойжеткеннен 300 мың теңге сомасында ақша бопсалаған Ақтөбе облысының екі тұрғынын ұстады. Жас жігіттер қыз баланы оның интимдік сипаттағы фото-бейнематериалдарын жариялайтынын айтып қорқытқаны анықталды. Полиция бопсалаушы жігіттердің бірін Ақтөбе қаласында аталған соманы жәбірленушіден алу кезінде қолға түсірсе, екінші күдіктіні Хромтау қаласынан ұстады. Ұсталған күдіктілер кінәсін мойындады, олардан заттай айғақтар – 300 мың теңге сомасындағы ақша және әшкерелейтін материалдары (интимдік фото-бейне жазбалар) бар телефон тәркіленді. Қорқытып алушылық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.