Ақтөбеде жүздеген адам атышулы қаржы пирамидасынан зардап шегіп отыр. Айтуларынша, адал ақшасына сатып алған көліктерін олар өз игілігіне пайдалана алмайды. Себебі, мүлік сотта заттай дәлел ретінде тұр. Пирамида мүшелері жазасын алған, ал көліктер қашан қайтарылады? Өңірден-Бақыт Рахметова.Ақтөбеде 2020 жылдың қаңтар, ақпан айында көлік сатып алғандар сан соғып отыр. Олардың көпшілігі қаржы пирамидасына салынған мүлікті сатып алған. Самат ӨМІРБАЕВ, КӨЛІК ИЕСІ: Колесамен алдым. Автоцонға барып тексерттім. Таза деді сосын балдарға кассаның алдында наличка санап бердім. Заңмен қарасын дейміз. Бүкіл құжаттарымыз бар. Алдайтын емеспіз. Заң бойынша алып тұрмыз. Енді неге арестке қойып тастағанын түсінбейміз. Асқар ҚАПАШЕВ, КӨЛІК ИЕСІ: Қазір енді нақты шешім қалай боларын білмей тұрмыз. Машинаны қайтармаймыз. Бұл азаматтардың кейбірі көлікке банктен несие алса, біреулері бар жиған-тергенін жұмсаған. Енді машинаның барлығы қаржы пирамидасына қатысты заттай дәлел ретінде тіркеліп тұрса керек. Ерлан ҚҰЛАТАЕВ, ҚОРҒАУШЫ: Біз №2 Ақтөбе қалалық сотының үкімін сол күйі қалдыруды сұраймыз. Заттай дәлелдемелер тағдыры азаматттық жолмен шешілуі тиіс. Жартысын адал ақысын төлеп алғандарға қалдырса, қалғанын заңды иелеріне қалдырған. Еске сала кетсек, былтыр бірнеше қаржы пирамидасы бойынша сот үкімі шығып, кінәлі азаматтар өз жазаларын алған. Сол кезде 16 мың адамның азаматтық талабы қанағаттандырылды. Ал заттай дәлелдемелер жылжымайтын мүлік, көліктер азаматтық іс шеңберінде қаралатын болған еді. Айжамал СҮНДЕТ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Осы іс бойынша заттай дәлелдемелердің тағдырын қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес бірінші сатыдағы сот шешті. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық сатыда қаралуда. Айта кетейік, елімізде осындай жағдайда жүрген бес мыңға жуық адам бар.