Ақтөбе қаласындағы «Айбек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен шаруашылық иесі Мәлік Смағұлов келісімге келіп, киік ұшасын сата бастады. Батыс Қазақстан облысынан тасымалданып жатқан киік етінің келісі 1 500 теңге деп бағаланған.Ақтөбе қаласының 41-разъезд аумағында орналасқан «Айбек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі киікті сойып береді. Сонымен бірге сатуға арналған орын ұсынып отыр. Ал өзге жұмыстың бәрі аң шаруашылығының иесі Мәлік Смағұловтың еншісінді. Ол киік ату үшін Ақтөбеден Батыс Қазақстан облысына екі бригада апарған. - Өзім кәсіби аңшымын. 40 жылдық тәжірибем бар. Үкімет киік атуға рұқсат берген соң «Охотзоопром» РМҚК хабарласып, жағдайды білдім. Олар да негізгі талаптарды атады. Содан өз қызметкерлерімнен 13 адам, яғни, екі бригада апардым. Біз Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауылына бардық. Сол жерде алдымен 825 бас киік атылды. Оны Ақтөбеге әкелгенімізбен, сатуға рұқсат берілмеді. Негізі ет комбинатымен арада келісім болған еді, - деді Мәлік Смағұлов.Еске салсақ, қараша айында Ақтөбеге 800-ден астам киік ұшасы әкелінді. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі мал сою орындары қабылдауға дайын емес деп, кері қайтарғанын хабарлады. Алайда ол киік ұшасы кейін қайтарылмаған, Ақтөбе облысы аумағына көмілген. - Ол кезде екі күн өткен соң рефрижератор, яғни, тоңазытқыш істен шықты. Сөйтіп 50 бас киік бұзылып кетіп, бәрін утилизацияға жіберуге мәжбүр болдық. Қоқыс полигоны қымбат болып, Қобда ауданындағы карьерге көмдік. Содан кейін 351 бас әкелдім. Ол бір күнде өтіп кетті. Бүгінгісі 407 бас. Ол да бір күнде өтеді деп жоспарлап отырмыз. Құны келісіне 1 500 теңге, - деді Мәлік Смағұлов. Оның айтуынша, БҚО-да сағат 19:00-ден таңғы 6:00-ге дейін киік аулауға рұқсат беріледі. Аңшылардың жанында инспекторлар ере жүріп, әр киіктің мүйізін кесіп алады. - Күндіз атуға рұқсат жоқ. Ал түнде соңымызда трактор, ГАЗель жүреді. Атқан киіктер бауыздалады, ішек-қарны алынады. Кейін бір түн салқын жерде ұстап, тоңазытқышқа саламыз. Ондағы температура -19-20 градус. Екі күн сақталады. Себебі 400-500 басты киікті бір күнде аулау мүмкін емес. Бір күнде ет комбинатына әкеліп сойдырамыз. Халықтан сұраныс көп. Бізге 10 желтоқсанға дейін атуға рұқсат беріп тұр, - деді ол.Қазіргі кезде ақтөбеліктер киікті ұшасымен сатып алып жатыр. Әр сатып алушыға жөнелтпе хат беріліп, онда келісі мен құны жазылады. Айта кетейік, шаруашылық киіктің келісіне мемлекетке 315 теңге төлейді. Алғаш атып алған 825 бас киіктің шығыны 5,5 млн теңгеге жуықтаған.