Ақтөбеде жол апатынан сегіз адам қаза тапты. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Көз жұмғандардың төртеуі- кәмелетке толмаған балалар. Олар өз жақындарымен қалаға келе жатқан көрінеді.Нұрбол ТЫМПИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:Зардап шеккендердің саны – 11 адам, оның ішінде 8 адам қайтыс болды. 3 адам Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Мамандар оларға қажетті көмекті көрсетіп, тексерді. Алайда, 3 адам Ақтөбе қаласында «тексеруден өтеміз» деп, ауруханаға жатудан бас тартқан. Қаза тапқан балалардың екеуі - бір үйдің баласы. Олар 4 және 6-сыныпта оқыған. Ал қалған екі оқушының бірі 6-сыныпта, тағы біреуі даярлық тобында болған. Жол апаты таңғы сегіздің шамасында Ақтөбе - Астрахань тасжолында болды. Ларгус және Хайлюкс екі жеңіл автокөлік соқтығысып, жол апатынан Ларгус көлігі түгелдей жанып кеткен. Айдос ҚҰЛЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖПҚ БАСТЫҒЫ: Ақтөбе-Астрахан тас жолында екі жеңіл автокөлік соқтығысуынан адамдардың қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Тергеу аясында жол апатының себептері және онда қаза тапқан адамдардың жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.