Ақтөбедегі атақты «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінен пәтер алғандар үш жылдан кейін оның басқа иесі бар екенін білді. Енді жаңа қожайын бұл пәтерлерді қайта сатып алуды немесе босатуды талап етуде. Түсініспеушілік неден туындады, қате кімнен кетті? Тараптарды тілшіміз тыңдады. Бұл тұрғындар 2020 жылы осы «Ақтөбе ажары» кешенінен пәтер алған. Сол уақытта алматылық «Проблемалық несиелер қоры» арқылы шаршы метрін 100 теңгеден сатып алған көрінеді. Ал сол пәтерге кіріп, жөңдеу жұмыстарын бітіргенде басқа қожайыны бар екені анықталып отыр. Ырысты ЕЩАНОВА, ТҰРҒЫН: Мен қалай аузымды ашып қалғанымды білмеймін. Сендік. Бәріміз адамбыз ғой. Айтты сол доверенность бар деді. Алматыға нотариус, өзі сол бір ұзын жігітпен де келді. Прокуратура өкілі деп бәріне сеніп қалдық. Гүлайым СУХРАЛИНА, ТҰРҒЫН: Мен өз қолыммен әуежайға барып, ақшамды сол әйелге апарып бердім. Келісім шартқа қол қойдық. Келісім шарт өте сауатты жазылған. Ол сол рейспен Алматыға ұшып кетті. Содан кейін ол әйелді көрмедік. Кейін алданғанымды бір-ақ білдік. Қор арқылы келісім шарт жасалғанымен тұрғындарға құжаттың тұпнұсқасы берілмеген. Не құжатсыз не қаражатсыз қалған тұрғындарға жаңа қожайындар бұл пәтерлерді босатуды немесе қазіргі нарықтық бағамен қайта сатып алуды талап етіп отыр. Дәмелі ЕЩАНОВА, ТҰРҒЫН: С 1 февраля на нас подают в суд на выселение... бірінші ақпаннан бастап бізді үйден шығарып жатыр. Сотқа берді. Қазір пәтерлерде светті өшіріп тастады. Бес пәтерде жарықт жоқ. Кейін суды сөндіреміз деді. Ал жылыту маусымы біткен соң тіпті қуып шығады. Пәтердің жаңа иесімен де тілдестік. Бірер күнде бұл мәселеге қатысты жауап беретінін айтты. Ал тұрғындар полицияға арызданған. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ерболат САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Аталған дерек бойынша Ақтөбе қаласы 2 ПБ ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті тұлға қазіргі таңда қолхатпен жіберілді. Қылмыстық іс бойынша 16 жәбірленуші өтіп жатыр. Полицияның мәліметінше, қылмыстық іс бойынша 16 адам зардап шеккен. Жалпы шығын құны- 300 млн теңге.