Ақтөбеде тәртіп сақшылары ауыл тұрғынына құны 65 млн теңгені құрайтын жоғалған малын тауып берді.Ведомство хабарлауынша, биыл 31 қазанда Қарғалы ауданының полиция бөліміне 76 жастағы ауыл тұрғынынан 130 бас жылқының жоғалғаны туралы арыз келіп түскен. Жәбірленуші залалдың жалпы сомасын 65 млн теңгеге бағалады. Жәбірленушінің арызы тіркеліп, залал көлемінің аса ірі екенін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. "Қылмысты ашу және жоғалған жылқыларды іздеу үшін полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тәртіп сақшылары Қарғалы ауданында ғана емес, облыстың көрші аудандарында да іздестіру шараларын жүзеге асырды. Үш тәулік ішінде бес көлікпен 15 полиция қызметкері малды іздеуге жұмылдырылды. Үш күннен кейін жоғалған мал шаруашылықтан 60 шақырым жерде табылып, ұрлық болмағаны анықталды. Осыған байланысты тергеу тоқтатылды", - делінген хабарламада. Ведомство мәліметіне сүйенсек, мал иелерінің салғырттығынан тәртіп сақшылары уақыт жоғалтады. Полицейлер оған қоса іздеу шараларына кететін шығындарды да ескеру қажеттігін атап өтті. "Жыл басынан бері мал ұрлығының 42 дерегі тіркелген, бірақ жартысынан көбі мал ұрлығы болып саналмағандықтан, қылмыстық істер тоқтатылған. Алайда барлық факті бойынша іздеу жұмыстары жүргізілді. Басты себеп – иелерінің малға немқұрайлы қарауында. Полицейлер малды орталықтандырылған жайылымдарда жаюды ұйымдастыру қажеттігін тағы да ескертеді", - деп жазады ведомство хабарламасында.