Ақтөбеде 9 бас ірі қараның қарасан ауруынан өлгені белгілі болды. Сараптама қорытындысы осыны көрсетті.Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының хабарлауынша, өлген малдан алынған сынама қорытындысы бүгін шықты. Онда сиырлардың қарасан ауруына шалдыққаны белгілі болды. - Ақтөбе облыстық ветеринариялық зертханасының сараптау актісінің нәтижесіне сәйкес қарасан ауруына оң нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда анықталған эпизоотиялық ошаққа Тоқмансай ауылдық округі әкімінің шектеу қою туралы шешімі күтіліп отыр. Сауықтыру іс-шараларын «Эпизоотияға қарсы жасақ» РМК мамандары жүргізеді. ҚР Заңнамасына сәйкес мал иесіне келтірілген шығын республикалық бюджеттен төленеді,- деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы. Еске салсақ, 22-27 күндері аралығында Алға ауданы Тоқмансай ауылдық округінде «Өлетті» шаруа қожалығында 9 бас ірі қара өлді. Ветеринар мамандар алдымен уланған деп болжам жасады. Бірақ болжам расталмай, қарасан ауруы анықталды. Ветеринар мамандар жануарлардың барлық өлексесін Тоқмансай елді мекеніндегі мал қорымына апарып, залалсыздандырды.