Кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын қала іргесіндегі зираттан өзіне орын алып, құлпытас дайындап қойған. Ол ауыр сырқатқа шалдыққан соң осындай шешімге келген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.Ақтөбедегі Кирпичный тұрғын алабының жанында үлкен зират бар. Мұнда өзге ұлт өкілдері де жерленген. Кіреберістің сол жағында орналасқан құлпытас 2022 жылы қойылды. Әкімшіліктің мәліметінше, бұл орын кәсіпкер Қуандық Әлішевке тиесілі.“Кәсіпкер бейіт құрылысын 2022 жылдан бастады. Оның жасы келген. Қандай болатынын алдын ала көргісі келген болар. Құрылыс бар-жоғы 2-3 айда аяқталды. Бұл жер сол кісіге тиесілі. Бейіт құрылысында гранит пайдаланылды. Бұған дейін тағы бір адам алдын ала өзіне орын дайындаған еді. Бірақ ол қайтыс болып, сол жерге жерленді. Мұндайды көбіне қарт адамдар жасайды. Оларға тыйым салуға болмайды. Жерлейтін орындар сатылмайды”, – дейді Кирпичный тұрғын алабындағы зираттың әкімшісі Сәбит Дүйсенов.Оның айтуынша, адамдар әдетте қайтыс болғаны туралы куәлік әкеледі. Содан кейін ғана орын бөлінеді. Жер тегін берілгенімен, бейіт қазу қызметі 90 мың теңге тұрады.Көзі тірісінде зираттан орын алған кәсіпкер құлпытастың оң жағына "Бақытты өмірдің белгілері: абырой, ұрпақ", ал сол жағына "Мақсатың – үздіксіз ізденіс, беймаза өмір" деп жаздырған.“Менің жасым 86-да. Екі жыл бұрын қаңтар айында құлап, бел омыртқамды сындырып, ұзақ жаттым. Сол кезде өз балаларымдай болып кеткен басшылар келіп денсаулығымды сұрады. "Ағаларың өлетін сияқты, жүре алмайды. Орын берсеңіздер, Алматыда балаларым, бауырларым бар, жақын достарым да көп. Олар бәрін жасап береді" дедім. Зираттағы жерді өзім таңдадым, төбеде орналасқан. Маған орын берген адамдарды кінәлаудың жөні жоқ”, – дейді кәсіпкердің өзі.Бейітке орнатылған ескерткіштің үлгісін кәсіпкердің өзі таңдап, бекіткен.