Ақтөбелік он саусағынан өнері тамған қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы ұлтымыздың бүгінде кенжелеп қалған өнері кілем тоқу, алаша жасау, өрмек, ши тоқу секілді қолөнерді насихаттап жүр. Сонымен қатар сол өнерді өскелең ұрпаққа үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде. Бұлбұл Кәпқызы жастайынан ұлттық өнермен сусындап, төрт жасынан бастап әжесінің, анасының қасында ине сабақтап беріп отырып, қолөнерді үйренген. Қазір қазақтың киіз үйін толықтай жасақтап бау-басқұр, өрнек, түкті, тықыр кілем, алаша тоқиды. Түскиіз, сырмақ тігеді. Ши тоқиды. Ұлттық өнерді өскелең ұрпаққа үйретуде. Бұлбұл КӘПҚЫЗЫ, ЭТНОГРАФ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Болашақ келе жатқан өскелең ұрпаққа жаңа буынға біз мұны қалдыруымыз керек. Қандай бір елдің мәдениеті, қандай бір елдің дамуы қолөнерімен байқалады. Біз мысалы шетелге шыққанда қараймыз. Мынау башқұр, өзбек, мынау татар, түріктікі , түркімен кілемі деп сразу өнеріне қарап айтамыз ғой. Сондықтан біздің қазақтың өнері де мынау қазақтікі деп тұру керек. Тіккен кестесі де көз тартады. Қазақтың ұлттық киімдерін заманауи этно үлгіде әсемдеп кестелейді. Шебердің айтуынша қазақтың оюының мән мағынасы зор. Кимешек, көйлек, қамқол, бешпеттер, шапандарға сұраныс ерекше. Бұл кісіден іздеп келіп өнерін үйренушілерде жетерлік. Мейрамгүл ТАУБАТЫРОВА, ТІГІНШІ: Өте керемет. Мен өзім сол инстраграмнан іздеп тапқанмын. Өзім екі рет келіп, осы жерден таптым Бұлбұл ханымды. Екеуміз бір бірімізді жақсы түсінеміз. Мен портноймын. Тігінші дизайнер. Міне Бұлбұл ханым кестеліп береді. Мен өзім тігемін. Бұлбұл Кәпқызы бар өзі білген қолөнерін «Қазақтың киіз үйі» атты киіз үйдің жасалу жолдарын баяндайтын арнайы еңбек қылып шығармақ. Кітап баспаханадан басылып жатыр. Сондай-ақ қазақтың осы өрмек тоқу дәстүрі ұмыт болмас үшін «Алаша өнері» атты кітабы да жарық көрмек.