Ақтөбе облысында мал іздеп шыққан екі бала абайсызда суға кетті. Екеуі де жүзу білмеген. Өкінішке қарай, елімізді мұндай оқиға жиілеп тұр. Жыл басынан бері 40-қа жуық адам суға батып, көз жұмған. Ал суға түсу маусымы әлі басталған да жоқ. Мамандар қауіпсіздік шараларын күшейтті.Ақтөбенің Ырғыз ауданы Құрылыс елдімекенінде екі бала суға батып кетті. Екеуі де- алтыншы сыныптың оқушысы. Олар үш бала боп, мал іздеуге шыққан. Екеуі жырадан Ырғыз өзеніне құлап кетеді. Үшінші бала шошып, ауылға көмек сұрап жүгірген. Көмек келгенше жүзу білмейтін жеткіншектер батып кетті. Біреуінің денесін судан тұрғындар өздері шығарса, екінші баланың мәйітін сүңгуірлер тапқан. Иса БАЙТҰРСЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Біздің сүңгуірлер тобымен тереңдігі 5 метр жерден жырадан 6 метр қашықтықта екі баланың денесі шығарылды. Баланың жас шамасы 12-13 жас. Жүзу білмеу салдарынан сосын үлкендердің қарауынсыз қалып отыр. Жыл басынан бері республика бойынша 40-қа жуық адам суға кеткен. Жаз басталмай көрсеткіш осындай, ал шіліңгір ыстықта жағажай жағалайтындардың қарасы артады. Аптап ыстықтан қашып, суға шомылуға барғандар қауіпсіздікті естен шығарады. Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Суға кететіндер көбіне ішімдік ішіп суға түседі, одан қалды қараусыз балаларын қалдырады. Олар суда ойнайды, көбісі жүзу білмейді, немесе тыйым салынған жерде жүзеді. 2020 жылы 14 адам осылай көз жұмса, 2021 жылы 36 адам суға кеткен. Ал былтыр бұл көрсеткіш біршама азайып, тілсіз жаудан 6 адам көз жұмды. Биыл бұл көрсеткіш біршама азаяды деген үмітпен біз төтенше жағдай қызметкерлерімен қазір елордадағы Есіл өзенінің жағалауларына шығып, тыйым салынған жағалаулар мен қай жерге суға түсуге болады, ары қарай көрсетеміз. Елордада суға шомылуға рұқсат етілмеген 21 орын бар. Барлық тыйым салынған учаскелер бойынша ескерту белгілері мен ақпараттық стенділер орнатылған. Бірақ алкогольдің буын салқын сумен басқысы келетіндер арнайы тақтайшаларды алып тастайды дейді мамандар. Себебі қала бойынша рұқсат етілген жағажайлар аз. Руслан СЕРІКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД АЛМАТЫ АУДАНЫ ТЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Тек үш учаскеге, Орталық қалалық жағажай, "Три пескаря" және "Астаналық аула" демалыс аймақтарына рұқсат етілген. Қыр-сырын білмейтін су көздеріне барып, көбі батып кетеді. Осыған назар аудару керек. Ыстық күндері жағажайда демалушылардың саны 1000 адамға дейін болады. Сондықтан судағы қауіпсіз демалыс өзін-өзі дұрыс ұстау және азаматтардың «судағы қауіпсіздік ережелерін» орындауына байланысты. Синоптиктер биылғы жаз ерекше ыстық болады дейді. Жұрт жанға саяны ерке Есілдің жағасынан іздейді. Құтқарушылардың жұмысы сол кезде қызады. Тәулік бойы өзен бойын бақылайды. Нұрлан БИКЕНОВ, ҚҰТҚАРУШЫ: Жүзу маусымы басталғаннан күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Маусымнан қыркүйекке дейін. Құтқарушы болып жүргеніме 17 жылдай болды. Осы уақытқа дейін көптеген адамды құтқарып қалдым. Көбі техникалық қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан, тыйым салынған жерлерде суға түскеннен, балалар қараусыз терең жерлерге дейін жүзгеннен суға батады. Ол денені алып шығу үлкен дайындықты талап етеді. Арнайы киім 30 кг, оған суда жатқан мәйіттің салмағын қосыңыз. Су-жақсы, су-ширатады, су-сергітеді, байқамасаң опық та жегізеді. Мамандар судағы қауіпсіздік ережесін сақтап, арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға кеңес береді.