Ақтөбенің Ырғыз ауданында олимпиадаға бара жатқанда жол апатына ұшырап, қаза тапқан екі оқушы мен мұғалімнің өліміне қатысты жауапты тұлғалар жазаланды. Темірастау орта мектебінің директорына “ қатаң сөгіс” жарияланды. Ал Ырғыз аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыға “ сөгіс” түріндегі тәртіптік шара қолданылған. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру шарасы жалғасуда. Еске салайық, оқушылар ұстазымен бірге республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, жол-көлік апатына ұшыраған болатын. Екі оқушы және олардың ұстазы қаза тапты. Тағы үш оқушы түрлі жарақат алды. Балалардың қазір денсаулығы жақсы. Үшінші тоқсанда оқу процесіне қосылады. Мұндай жағдай енді қайталанбас үшін облыста оқушылардың қозғалысын бақылап отыратын жаңа электрондық жүйе іске қосылды. Оған 12 аудан және барлық қала мектептері кіреді. Бұл жүйе арқылы мектеп оқушыларының мектептен тыс іс-шара қозғалысын полиция, білім бөлімі және де басқа да жауапты мекемелер бақылауда ұстайды. Нұргүл БЕРТІЛЕУОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тестілік режимде іске қосылды. Мына облыстық олимпиадаға келген балалардың заявкасы осы жүйе арқылы түсіп, қазіргі таңда осы жүйемен полиция қызметкерлері қабылдап, сүйемелдеп еріп жүретін жұмысын бастап кетті. Сол арқылы жыл бойына балалардың қатысуымен өтетін шараларға балалардың қауіпсіз келуі бақыланып отыратын болады.