Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Астана су қоймасының қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.«Қазір су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс», - деді Президент.