"Өнеркәсіп және құрылыс министрі отставкаға кетуі керек". Бүгін депутаттар Шарлапаевтың шаруасы шикі деп, шеңдінің кету туралы тезірек шешім қабылдауын талап етті. Министр мін жуытпаған салада шешілмеген түйіткілдің көп екенін айтты. Бір ғана мысал, былтыр жүзеге асуы керек 170 жобаның тек сегізі іске асқан. Өңдеу өнеркәсібіне бөлінген миллиардтардың да нақты қандай жұмысқа жұмсалғаны белгісіз. Үкімет сағатына қатысқан әріптесім Аружан Задабек мәселені толығырақ түсіндіреді. Үкімет сағаты бірден пікірталастан басталды. Депутаттар Шарлапаевтың Мәжілістегі мінберге келуін ұзақ күткен секілді. Бірінен кейін бірі сауал жолдап, нақты жауап беруін талап етті. Министр саспады. Алдымен өзінің баяндамасын асықпай оқып берді. Өнеркәсіп және құрылыс басшысы биыл сирек металдарды көбейтуге бел сыбана кіріскен. 40 процентке арттырамыз, - дейді. Тек бұл емес, автомобиль өндірісіне де ден қойғанын айтты. Алдағы үш жылдың ішінде көлік құрастырудың үлесін 50 процентке көбейтеміз деп сендірді. Яғни, нарыққа 200 мың жаңа темір тұлпар қосылады. Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ: Биылдың өзінде біз шамамен 20 пайызға, келесі жылы – 30 пайызға, ал 2026 жылы 40 пайызға жеткізуге тиіспіз. Министрдің есебі осылай жалғасты. Депутаттар «істейміз, істеп жатырмыз» деген басшының уәдесінен жалықса керек, нақты статистикамен сөйлеуін сұрады. Есеп беруге дайын болмаса, Парламентке келмесін деді. Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Министр мырза, сіздің жүйкеңіз шыдамаса, Парламентке келмеңіз. Сіз Парламентке депутаттардың алдында есеп беру үшін келдіңіз. Депутат дегеніміз – халық. Депутаттар ыңғайсыз сұрақтар қойса да жауап беріңіз. Сіз халықтың алдында жауап беруіңіз керек. Былтыр салада 170 жоба іске асуы керек болған. Бірақ оның тек сегізі орындалды. Неге екені белгісіз. Министр де ол туралы жақ ашпады. Сөйтіп Базарбектің сынын әрі қарай Мұрат Әбенов іліп алды. Бірден сөзбен шағып, азамат болсаң, уәдеңде тұр, - деді. Сөзінің соңын қолыңнан келмесе орныңды босат деп аяқтады. Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Министр жылдың аяғына дейін 1 млн шина шығарамыз деп айтты. Егер шынымен азамат болсаңыз, жылдың аяғына дейін 1 млн шина шықпаса, онда отставкаға өтініш беріңіз. Бере аласыз ба? Әлде үндемей, бізге тағы күліп жағдайды айтып кетесіз ба? Бүгін 2 сағат уақытымды босқа жұмсадым есептеймін, пайдалы ақпарат алмадым. Жиында бұрыңғы «ArcelorMittal» компаниясы туралы да сөз болды. Қазір кәсіпорын атауын «Qarmet» деп өзгерткен. Биыл темір өндіретін компанияға қомақты қаржы бөлінді, - дейді министр. Жаңа төраға 33,5 млрд теңге инвестиция саламын деп уәде беріпті. Бастысы – шахтерлардың жалақысы өскенін айтады.