Соңғы уақытта желідегілердің "желігі" ұтыс ойындарына ауды. Барлығы бірдей жарысып лотерея ойнатып, билет сатуға көшті. Ал аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым халық ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға әзір. Алайда әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойынын ұйымдастыру, лотерея ойнату қаншалықты заңды? Әріптесім Сүндет Оралбек зерттеді. Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ: Құрметті менің инста оқырмандарым. Сіздерді ұтыс ойынына қатысуға шақырамын! Ол үшін 2000 теңгеге билет сатып алсаңыздар болғаны. Араларыңызда бағы мен бабы қатар жанған бір адам осы көліктің иесі атанады. Ендеше сәттілік! Әлеуметтік желіде осындай жарнама желдей еседі. Оған қатысатындар да көп. Соның бірі -Ақылжан. Ұтыс ойындарына "бұйырып қалар" деген ниетпен бақ сынап жүр. Бірақ асығы алшысынан түспепті. Ақылжан СЕЙСЕН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Көріп жүрмін конкурстарды. Машина ойнатып жатыр блогерлар. Соның барлығына қатысып жүрмін. Үміт қой енді. Болашақта ұтып алуың да мүмкін. Бірақ, бұған мүлдем сенбейтіндер де бар. Дүние- мүлікті маңдай термен тапқан дұрыс дейді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Өтірік сияқты барлығы. Бекерден бекер ешнарсе бермейді ғой. Тегін нәрсе жоқ қазір. - Өтірік екенін білем, сол үшін сенбеймін. Өзім қатыспағам. Таза еңбек қой біздікі. - Алдында бір рет қатыстық. Білмеймін енді, өтірік сияқты. Елімізде лотерея ұйымдастыратын жалғыз ұлттық оператор бар. Сол ғана лотерея ойната алады және ұтыс ойындарын ойнатуға рұқсат береді. Ал оған көбі құлақ аспайды. Қалтаны қампайту үшін конкурс өткізеді. Бірақ табысынан қазынаға қаржы салмайды. Жауаптылар қандай жағдай болса да, байқаудың заңдылығын тексерген абзал дейді. Ұтыс ойынының барлық шартын оқып, лоторея жайлы толық мәлімет алу керектігін ескертеді. Мирас ТӨЛЕБАЕВ, ҚР СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Барлық әлеуметтік желіде ұйымдастырылатын лоторея заңсыз. Қылмыстық кодекске сәйкес 307 баб, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша жауапқа тартылады. Лотореяға қатысып, жүлделі болғандар кем де кем. Бағы жанғанның көбі сол қаржысын қалай жаратқанын білмей қалатын көрінеді. Бұл- психологтардың сөзі. Себебі, оңай келген ақша оңай кетеді...