Өңір әкімдіктері 1 сәуірге дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажет. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өңір әкімдіктері осы жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажет. Бұл полицияның жедел басқару орталықтарына шығатын бейнебақылауға, мамандандырылған күзетпен және дабыл кнопкаларымен қамтамасыз етуге қатысты», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында. Оның атап өтуінше, Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 күн мерзімде Үкіметке Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізуі тиіс. Онда уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіру жөніндегі шаралар да қамтылуы қажет. «Оқу-ағарту, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына сапалы мониторинг жүргізуі керек. Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктері мен әкімдіктер 15 наурызға дейін Оқу процесін цифрландыру жөніндегі Жол картасын қабылдасын. Онда оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар көзделуі тиіс», - деді ол. Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мектептердегі Интернет жылдамдығын арттыру, мектептерді талшықты-оптикалық, жергілікті және сымсыз желілермен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігін баса айтты. «Өңір әкімдері оқу орындарының қауіпсіздігі мен білім беру саласын цифрландыру мәселелерін жеке бақылауда ұстауы қажет», - деді Әлихан Смайылов.