Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында қай өңірлерде қыста жылуға байланысты мәселе туындауы мүмкін екенін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz.Үкімет басшысы проблемаларды шешу үшін Қазақмыс, Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы, АрселорМиттал Теміртау компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесу қажет екенін айтты."Жылыту маусымының басталуына 1 айдан аса уақыт қалды. Жылу дер кезінде берілуін қамтамасыз ету керек. Жүйелік оператор KEGOC компаниясы жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда кейбір өңірлерде бұл кестеден кешігу байқалып отыр. Кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері болып жатыр. Сондықтан қыс уақытында осы нысандардың тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін. Мәселен, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында екенін атап өткен жөн", - деді Әлихан Смайылов.Премьер-министр осы мәселеге байланысты дайындықты күшейтуді тапсырды.Еске салайық, былтыр 27 қарашада түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.