Емделуге барып, екінші қабаттан құлады. 65 жастағы зейнеткер бірнеше жері сынып, жарақат алды. Оқиға Алматыдағы медициналық орталықтың бірінде болды. Түсініксізі оған дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетілмеген. Қарияның қазіргі жағдайы қалай? Салғырттық танытқан қызметкерлер жазалана ма? Әйкерім Пернебек толықтырады. 65 жастағы қарияның соңғы жылдары денсаулығы сыр беріпті. Оған қант диабеті, деменция диагнозы қойылған. Туыстары жер жарған медициналық мекемеге уақытша жатқызуға бел буған. Алайда бір тәулікке жетпей қария қараусыз қалып, терезеден құлап кетті. Салдарынан дерті асқынып, сол жақ иық, қабырға, жамбас мойны сынған. Ең сорақысы орталық қызметкерлері мәселені жылы жауып қойғысы келіп, жедел жәрдемді 4 сағаттан кейін ғана шақырған. Адина, ЗАРДАП ШЕККЕН КІСІНІҢ КЕЛІНІ: Атамыздың түнде оянып, мазасызданатынын ескерттік. Алайда сол түні олар атамды қараусыз қалдырған. Ол терезеден құлағанда мейіргер 2-3 метр жерде ұйықтап жатқан екен. Қызметкерлер оны түк болмағандай ауырып тұрса да бөлмесіне жатқыза салған. Бізге тек 4 сағаттан кейін оны жедел жәрдеммен алып кеткенде айтты. Ол кезде де төсектен құлады деді. Медициналық білімі бар адамдар қалай ғана бұндай әрекетке барады? Бас мейіргер кейін барлық шығынды өзіміз өтейміз деді, алайда сол күйі хабарласқан жоқ, телефондарына жауап бермейді. Мән-жайды білу үшін медициналық орталыққа бардық. Есіктері жабық. Бірнеше мәрте қоңырау соққаннан кейін ғана мекеме қызметкері қоршаудың арғы бетінен жауап берді. “Жауабын айтамын” деп уәде берген кісі сол күйі қайта көрінбеді. Бұл орталыққа қатысты шағып көп секілді. Қала тұрғыны Юлия Бикман да атасын аяққа тұрғызамын деп осы емдеу мекемесіне жүгінген. Арты қайғылы жағдаймен аяқталған. Юлия БИКМАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Олар оны аяққа тұрғызып береміз деді. Алайда мейіргерлер жұмысына өте салғырт қарады. Тіпті көмекке шақыратын батырмалары істемейтін болып шықты. Соның кесірінен Атамның қиналғаны сонша, дәретке де шыға алмады. Сондай күндердің бірінде әжетханаға өзі тұрамын деп әрең жүріп жүрген атам, құлап жамбасын сындырып алды. Біз одан айырылып қалдық. Атамды алып кетеуге сәл қалғанда қайтыс болды. Қазіргі таңда полиция медициналық мекемеге қатысты тексерісті бастады. Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: Аталмыш дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда медициналық қызмет көрсету сапасын қадағалау департаментіне тиісті құжаттамалар тексеріс жұмыстарын жүргізу үшін жөнелтілді. Олардың ұйғарымын өндірісімізге түскен сәтте біз процессуалды шешім қабылдайтын боламыз. Зардап шеккен 65 жастағы қария қазір оңалту орталығында ем қабылдап жатыр. Ал оның отбасы кінәлілер әділ жазасын алуды талап етуде.