Алматы халықаралық мектебінің айналасындағы шуға қатысты білім ордасының директоры жауап берді. Бұған дейін бұл мекеме қабырғасында 1-ші сынып оқушысына зорлық көрсетілді деген ақпарат тараған болатын. Білім алушының анасы әлеуметтік желіде сұмдық жайттармен бөлісті. Ал директордың айтуынша, мектепте қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Бұған қатысты министрлік не дейді? Келесі бейнематериалда. Ашынған ананың жанайқайы әлеуметтік желіде дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Айтуынша, бірінші сыныпта оқитын ұлы мектеп қабырғасында зорлық көрген. Шамамен екі апта бұрын ол баласының шалбарының жыртылып қалғанын байқайды. Ал іш киімі теріс киілген екен. Ол-ол ма, іш киімінен ақ дақтар байқалыпты. БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Үлкен қызымды шақырып, баланың жамбасын тексердік. Артқы жағы қызарып, жарықшақтар пайда болыпты. Бірден полицияны шақырдым. Киімдерді экспертизаға бердім. Бұл оқиғадан кейін баламның мінез-құлқы өзгерді. Менен бір қадам ажырамай, айналасына қаталдық танытатын болды. Психикасы бұзылды. Көп ұзамай, мектепте жиналыс өткен. Бірақ әйелдің айтуынша, мекеме әкімшілігі істің насырға шабуынан қорқып, ананың сөздеріне мән бермеген көрінеді. Ал мектеп басшылығының айтуынша, білім ордасында 67 бейнебақылау камерасы бар. Сөздерінше, мұндағы жазбалар секунд сайын әрбір баланың жүріс-тұрысын көрсетеді. Алайда, оған оқушының шалбары қалай және қашан жыртылып қалғаны жазылмай қалыпты. Мұны мұғалімдер де түсіндіріп бере алмады. Ирина ЛОГИНОВА, АЛМАТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл оқиға жөнінде ең алғаш полиция қызметкерлерінен естідік. Оларға мектептегі барлық видеожазбаларды бердік. Тергеу амалдарына барынша көмектесіп жатырмыз. Дәретхана ішінде камера болмады. Сол жер күдік тудырып отыр. Бірақ бала онда 30-40 секундтан 15 минутқа дейін уақыт өткізген. Бір рет 7 сыныптың оқушысымен кездесіп қалды. Дәретханадан шыққан соң, оның бойында қандай да бір өзгерістер байқағанымыз жоқ. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Мектеп қабырғасында балаларға арналған жалпы саны 6 дәретхана бар. Солардың ішінде бастауыш сынып оқушыларына арнайы бөлек дәретханалар қарастырылған екен. Айналасында бейнебақылау камералары орнатылған. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің де бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ: Оқиға Комитет пен құқық қорғау органдарының бақылауында. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы зардап шеккен баланың анасымен және халықаралық мектептің басшылығымен байланыста. Баланың отбасына көмек ұсынылды. Оқиға бойынша Қылмыстық Кодекстің «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен іс тіркелді. Салтанат ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: ҚК 121 – бабының 3 - тармағы бойынша қазіргі таңда сот медициналық сараптама тағайындалды. Бірқатар тергеу амалдары қолға алынды. Оларды жүргізу нәтижесінде болған жағдайдың обьективті мән - жайы анықталып, заңмен көзделген шаралар қолданатын болады. Мектепте қазір 400-ден астам бала білім алып жатыр. Сұмдық жағдайды Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева да өз бақылауына алды. Ал зәбір көрді деп танылған оқушымен психолог жұмыс істеп жатыр.