Алматыдағы № 172 мектептің бастауыш сынып оқушылары арасында қызылша инфекциясын жұқтыру дерегі анықталды. Осыған байланысты 1-4 сынып оқушылары онлайн оқуға ауыстырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне Алматы қалалық білім басқармасының баспасөз қызметінен белгілі болды. Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, Медеу ауданында орналасқан № 172 мектептің бастауыш сынып оқушылары 16 қазанға дейін онлайн түрде оқиды."2023 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы қаласы Медеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің тиісті мамандарынан құралған комиссия мектепте болып, қызылша инфекциясын жұқтыру фактілерінің анықталуына байланысты вакцина алмаған бастауыш сынып оқушыларын инкубациялық кезеңнің соңына дейін, яғни, 16 қазанға дейін қашықтықтан оқытуға көшіру ұсынылды", - делінген білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында. Ұсыныстарды ескере отырып, мектеп басшылығы инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін бастауыш сынып оқушыларын (1-4 сыныптар) түгел инкубациялық кезеңнің соңына дейін онлайн оқытуға көшіру туралы шешім қабылдаған."Мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балалар онлайн оқыту үшін қажетті компьютерлік техникамен және интернет ресурстарымен қамтамасыз етілген", - дейді Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз хатшысы.Ведомство өкілі Алматыдағы қалған мектептерде эпидемиологиялық жағдай тұрақты және эпидемиологтардың бақылауында екенін атап өтті. Қалалық білім басқармасы өкілі Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметін келтіріп, балалар арасында қызылша ауруына шалдығу көрсеткіші негізінен екпе алмағандар арасында тіркелетінін жеткізді.