Алматы облысында кей балалар дүние есігін аша сала, темір торға тоғытылады. Неге дейсіз ғой? Өйткені, Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясы – сотталғандардың 3 жасқа толмаған балаларымен бірге болуына рұқсат етілген еліміздегі жалғыз мекеме. Бүгінде мұнда жазасын өтеп жатқан аналарымен бірге 33 сәби өсіп жатыр. Тілшіміз Мөлдір Жақан тағдыры тәлкекке түскендер туралы толығырақ айтады.Жауғаштыдағы әйелдер колониясының тарихы терең. 1938 жылы құрылған. Қазір мұнда 558 әйел жазасын өтеп жатыр. Оның 33-і - жас ана. Көкшетаудың тумасы Раушан бұл жерге 3 жыл бұрын алаяқтық ісі үшін түскен. 5-ші баласын осында дүниеге әкелді. Сым қоршаудың ішіндегі жалғыз жұбанышы да, дертінің шипасы да – оның екі жарым жасар ұлы. Раушан, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: Бұл баласыз бұл жақта өте қиын болушы еді мен үшін. Аллаға мың да бір рахмет жанымда баламның болғанына. Бір жағынан қиын балаға осы жақта жүруге. Бірақ 3 жасқа дейін, менің ойымша, анадан басқа балаға ешкім керек жоқ. Бұның күлкісі, «мама» деген сөзі жаныма шипа болады. Темір торға тоғытылған әйелдер еш шектеусіз балаларымен уақыт өткізе алады. Перзенттерін бағып-қағып, тәрбиесімен айналысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін, тіпті, жұмыстан да босатылған. Әрине, көпшілігі өз қателіктерін мойындап, тезірек жаңа өмірге аяқ басуды армандайды. Раушан да бостандыққа шығуын тағатсыздана күтіп жүр. Себебі, үйде оның жұбайы мен 4 баласы бар. Раушан, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ: Өткеніме өкінемін. Жанұяммен болмағаным, балаларымды өсірмегенім, 3 жылдың ішінде осы жақта болғаным... Кенже қызым биыл 1 –ші сыныпқа барды. Қолынан ұстап 1 сыныпқа анасы апармағаны қалай? Мекемеде сәбилер жастарына қарай үш топқа бөлінеді. Соған сәйкес олармен арнайы тәрбиешілер жұмыс істейді. Қалыпты өмір сүруге мүмкіндігінше жағдай жасалып жатқанымен, жазықсыз сәбилер темір тордың басқа жағында қандай өмір барынан мүлде бейхабар. Әсел ЕСҚҰЛОВА, БАЛАЛАР НЕВРОПАТОЛОГЫ: Психикалық ауытқу болмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Соның өзінде енді бостандықтың аты бостандық қой. Бұл жерде бәрібір басқаша. Бұл жерде тек әке-шешелерін көреді, бізді көреді, басқа ешкімді көрмейді. Енді амал жоқ, аналарымен осы жерде тұрады. Егер жақсы тәрбиелесе, әрі қарай даже білінбей де кетуі мүмкін 3 жылын осы колонияда өткізгенін. Енді жазасын өтеуші әйелдің түрмеден босап шығуына бір жыл уақыт қалса, баласы тағы бір жыл, яғни 4 жасқа толғанша жанында қала алады. Сенат тиісті заңға енгізілетін түзетуді қабылдады, бірақ, құжат әлі заңды күшіне енген жоқ. Вилорий КИМ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚАЖД ҚАРАСТЫ №10 МЕКЕМЕ БАСТЫҒЫ: Мұны өз басым қолдаймын. Әйелдің түрмеден босап шығуына 1 жыл немесе одан аз уақыт қалса, оның баласы да 4 жасқа дейін күтіп, екеуі бостандыққа бірге шықса дұрыс қой. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Тағдырдың тәлкегіне түскен түрмедегі әйелдердің жалғыз жұбанышы –жанындағы перзенті. Сәбилер үш жасқа толған соң, сотталғандардың жақындарына немесе балалар үйіне тапсырылады. Ал олардың алдағы тағдыры қалай болатыны беймәлім.