Мереке қарсаңында Алматы облысы Кеген ауылында да 20 жаңа тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталды. Көпбалалы отбасылар, бюджеттік қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты аналар көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Жылдап кезекте тұрып, үйлі болған тұрғындар мәз-мейрам. Олардың арасында көпбалалы ана Перизат Салпаңбаева бар. Бұл – оның алғашқы баспанасы. Бес құрсақ көтерген әйел осы қуанышын «балаларымның несібесі» дейді. Өз көзіне өзі сенбей, су жаңа үйінің әр бұрышын тамсана тамашалады. Перизат САЛПАҢБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Осы балапандардың нәсібі, ең бірінші Алла Тағаланың бір үлкен сыйы деп ойлаймын бұл да. Келген кезде расымен қуанышымды жеткізе алмаймын. Бұл ата-ана үшін үлкен қуаныш деп ойлаймын. Барлық мүмкіндік бар. Жылы суымыз да ағып тұр, бөлмелер дылы, заманауи талаппен жасалған. Ал Гүлнәр Жампейісова өз үйін 20 жыл күтті. 40 жыл медбике болған ол сал ауруына шалдыққан. Жарты жылдан бері арбаға танылған кейуананың қуанышында шек жоқ. Гүлнәр ЖАМПЕЙІСОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Үйіміз бұрынғы қолдан салған үй болған. Одан кейін оны кішкене жаңартып еді, тарлау болды. Осы үйден енді өсіп-өніп, өркендеп, немерелі – шөберелі болып, өсіп-өнейік. Көп рақмет деймін. Салынған үйлердің көлемі 60 шаршы метрден асады. Ал аумақтағы абаттандыру жұмыстары, көше жарығын орнату мен жолға асфальт төсеу келер жылға жоспарланған. Бүгінде аудан бойынша 527 адам үй кезегінде тұр. Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл тұрғын үйлерді салуға облыстан үлкен қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне және мемлекет басшысының осы бағдарлама арқылы шалғайдағы үлкен ауылды мекендерге, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы қолдауына үлкен алғысымызды білдіреміз. 2024 жылы көктем уақытында тағы да 30 үйдің кілтін табыстайтын боламыз. Салтанатты шарадан кейін ауыл тұрғындары үшін Республика күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аймақтың бірқатар белсендітұрғыны «Кеген ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.