Алматы облысының Іле ауданында 15 жастағы оқушы қыз ана атанды. Междуреченск ауылындағы мектепте оқитын қызды көршісі зорлап келген. Күдікті ретінде 53 жастағы еркек ұсталды. Ал аудандық білім бөлімі де, мектептің басшылары да зорлық көрген оқушыға дер кезінде көмек қолын соза алмаған. Кәмелет жасқа толмаған қыздың ата-анасы баланың әкесі 53 жастағы көршісі болуы мүмкін екенін айтқан, деп хабарлайды Еуразия арнасына сілтеме жасаған Aстана телеарнасы. Аудандық полиция басқармасының тергеушісі аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді. Полиция жаңа туған сәби мен 53 жастағы күдіктінің биологиялық туыстығын тексеру мақсатында олардан ДНҚ сынамасын алған. «Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық (кәмелетке толмаған адамға қарсы жасалған зорлау, жәбірленушіге күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіріп, жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Осы қылмыс үшін 15 жылдан 17 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Аудан тұрғыны аталған бап бойынша күдікті ретінде танылды», - дейді Іле аудандық полиция басқармасының тергеушісі Дастан Таңсықов. ДНҚ сараптамасының қорытындысы бойынша да көршісінің қылмысқа барғаны нақты дәлелденген. «2007 жылғы қыз жуырда босанды. Жаңа туған сәбиден биологиялық материалдар алынып, сот-молекулярлық генетикалық сараптама тағайындалды. Жаңа туған бала мен 1969 жылы туған күдікті ер адамның туыстық ықтималдығы 99 пайыз болып анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. 1969 жылы туған азамат қазір уақытта қамауға алынды», - дейді тергеуші. Жаға ұстатар жайт Іле ауданына қарасты Междуреченск ауылында болған. Қазақ отбасындағы оқушы қыздың ұзақ уақыт зорлыққа ұшырап жүргенін мектеп басшылары дер кезінде хабарламаған. Оқушы қыздардың мектеп қабырғасында екіқабат болып қалуы Ләззат Каткеева басқаратын аудандық білім бөліміне қарасты мектептерде бірінші рет болып отырған жоқ.