Алматы облысында білім басқармасының қызметкерлеріне бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Сотта олардың кінәсі дәлелденді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.Облыстық соттың мәліметінше, Іле аудандық сотында 8 сотталушыға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Олардың 6-уы облыстық білім басқармасының лауазымды қызметкерлері. Сотталушылар 2022 жылдың желтоқсанында алдын ала сөз байласу арқылы балабақшаларды тіркеу туралы жалған құжаттар ұсынған және оны қағидалардың талаптарына сәйкес деп танып, мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енгізген. Бұдан әрі 2023 жылдың қаңтарында Іле аудандық білім бөлімі және осы балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқан. Оның шарттары бойынша олардың қызметін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметтер көрсетуге ай сайынғы төлемдер арқылы мемлекет қаржыландырған. Осылайша Іле аудандық білім бөліміне 134 млн теңгеден астам сомаға аса ірі мөлшерде залал келтірген. Сот үкімімен барлық 8 сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3,4-бөліктері 1,2-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 2 сотталушыға 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, 4 сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Қалған 2 сотталушы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.