Алматы облысында батпаққа батып қалған екі мың қойдың 19-ы өлді.Алматы облысы ТЖД мәліметінше, Жамбыл ауданы Ақтерек ауылдық округінде 17 наурыз, сағат 23:00 шамасында қой айдау кезінде Шылбастау станциясының маңында екі мыңға жуық қой батпаққа батып қалған. Бұл туралы ТЖД-ға 18 наурыз, сағат 8:20-да хабарлама түседі. "Түнгі уақытта шаруа қожалығының қызметкерлері қойларды балшықтан шығара алмай, таңертең құтқарушылардан көмек сұрады. Алматы облысы ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар, «Азия газ құбыры» ЖШС, «Нұрбол» ШҚ стационарлық компрессорлық станциясының қызметкерлері мен Бактерек, Бектас және Шылбастау ауылдарының тұрғындары балшықта қалған ұсақ малды (қойларды) құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде 1 981 қой құтқарылып, 19-ы аман қалған жоқ", - деп хабарлады ТЖД-дан.