Алматы облысында бірнеше елді мекен тұрғындары қар жаууына байланысты жарықсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, аудандар мен Қонаев қаласының әкімдіктері кезекшіліктер ұйымдастырып, "АЖК" АҚ энергия тасымалдаушы ұйымының барлық апаттық-қалпына келтіру жасақтары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. “Қазір "АЖК" АҚ апаттық үзілген электр желілерін қайта қалпына келтіріп жатыр. Электр қуатын беру туралы толық ақпарат кейінірек хабарланады. Жағдай тұрақты бақылауда”, – делінген әкімдік хабарламасында. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Талғар ауданы Шымбұлақ ауылында трансформатордан өрт шыққан. Қосалқы станциядағы өрт туралы хабарлама 14 наурыз күні сағат 19.20-да түскен. "Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне Талғар ауданы Шымбұлақ ауылында қосалқы стансаның өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде электр желісінде қысқа тұйықталу болғаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ", – делінген хабарламада.