Алматы облысында қарт әйелді тұншықтырып, оны тонап кеткен ер адамдар ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.ҚР ІІМ мәліметінше, Еңбекшіқазақ ауданының полициясына 81 жастағы жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз арызында медициналық бетперде киген екі бейтаныс жігіттің үйінің ауласына кіріп, оны тұншықтырып, ұялы телефон мен қолма-қол ақшасын ұрлап кеткенін баяндаған. 28 қаңтар күні жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1978 және 1989 жылдардағы екі Алматы тұрғыны ұсталды. Олар өз қылмыстарын толығымен мойындаған, - делінген мәліметте. Полиция қызметкерлері істің мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін сараптамалық зерттеу тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде. Ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.