Алматы облысы Іле ауданына қарасты Береке саяжайында үш адам кісі қолынан қаза тапты. Қаскөй алдымен әйелді және оның екі баласын зорлықпен өлтірген. Онымен қоймай, денелерін үймен қоса өртеп кетіпті. Жаға ұстатарлық жағдай туралы елді мекен тұрғындары не дейді? Әріптесіміз Мөлдір Жақан тарқатады. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Сұмдық оқиға дәл осы үйде болған. Қызыл жалын шарпыған баспананың сау тамтығы қалмапты. Жалпы ауданы 124 шаршы метрді құраған өртті төтеншеліктер бір сағатта ауыздықтады. Бүгінде тұрғын үй ескерту лентасымен қоршалған. Мұнда полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Баспананың ішінде қанның ізі байқалады. Көршілердің айтуынша, күдікті үйге өрт қойған соң, есікті ішінен құлыптап, терезеден түсіп кеткен. Бұл оқиға жергілікті тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызды. Жолшыбай ШАЛБАЕВ, КУӘГЕР: Есік жабық дейді. Терезеден түсіп, іші түтін дейді. Пожарниктер терезеден түсіп, есікті ашып, әйелді шығарыпты. Екеуі простынямен жабулы дейді. Газды ашты дағы, сіріңкені қойды. Пока өртенгеше, ол кетті ғой уже. Бұл жақта тыныш болатын, мұндай бәле болмайтын. Қаза тапқан әйел пәтер жалдап, балаларын жалғыз асырап отырған екен. Қарапайым құрылысшы болған. Жолдасы 2016 жылы қайтыс болыпты. Ал болжам бойынша, күдікті бірге тұрған азаматы екен. Қызы Айым 8-ші сыныпта, ал кенже ұлы Мұрагер 3-ші сыныпта білім алып жатқан. Соңғы рет мектепке 3 күн бұрын келіпті. Ал одан кейін анасы «балаларым ауырып жатыр, мектепке бара алмайды» деп сынып жетекшіні ескерткен көрінеді. Жанайдар АЙДАРҚҰЛОВ, №36 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: 13-і күні звондаған кезде тікелей телефонына сынып жетекшісі, мамасының телефоны вне зоне болған. Ал Айымның телефонына қоңырау барып тұрған. Бұған дейін сынып жетекшіге берген мәліметінде, сожителіңіз бар ма деген кезде түбегейлі айтқан - «жоқ». Ол осы жаздың кезінде. Тергеу амалдарының берген экспертизаны оқып, жүрегіміз ауырып отыр. Үшеуі үш бөлмеде жатқан екен. Мектеп әкімшілігі білім ордасындағы психолог маман оқушылармен тығыз байланыста екенін жеткізді. Бірақ бұл жолы психологты кездестіре алмадық. Тәрбие ісінің меңгерушісі балалардың бойында соңғы кездері еш өзгерістің байқалмағанын айтады. Олар, әдеттегідей, өмірге құштар, жайдары жүрген деседі. «Мектеп мақтанышы, белсенді, алғыр жастар еді»,- деп еске алады шәкірттерін. Күлпара ШАМГУНОВА, №36 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Сабақ үлгерімі өте жоғары, сыныбының белсенді мүшесі. Сыныпта ғана емес, мектепте де қоғамдық жұмыстарға жақсы араласты. Ол қыз жиі тәрбие бөліміне келіп өзінің ойымен, пікірімен бөлісіп отырады. Мұрагердің сабақ үлгерімі өте жақсы. Анасының жаман, теріс пиғылын көрмедік. Күдіктіні танымаймын, бұл ауылда тұрмайды. Оқиғаға қатысты ҚК-тің «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және оны ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық облыстық полиция бөлімшелері мен көршілес аймақтардағы жол полициясына бағыт-бағдар жолданды.