Алматы облысы Қарасай ауданы Көлащы ауылындағы жеке тұрғын үйде төрт бала мен олардың әкесі белгісіз заттан уланып қайтыс болған еді. Ал балалардың анасы жансақтау бөліміне түскен. Бүгінгі таңда әйелдің жағдайы жақсарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.Ведомство мәліметінше, өз үйінде белгісіз заттан уланған 38 жастағы әйел Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Әйел әлі де жансақтау бөлімінде, есін біледі."Науқасқа ауыр деңгейдегі белгісіз заттан улану диагнозы қойылды. Жүргізіліп жатқан емнің арқасында жағдайы жақсарды. Өздігінен тыныс алуда. Бөлімге ауыстыруға дайындық жүріп жатыр", - дейді облыстық денсаулық басқармасының ресми өкілі.Еске сала кетейік, 4 мамыр күні Көлащы ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасының бес адамы - әйелдің күйеуі және төрт баласы (2010 жылы туған қызы және 2008, 2013, 2018 жылы туған ұлдары) қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияладық. ТЖД мамандары оқыс жағдайдың алдын ала себебінің бірі - белгісіз затпен улану деп атап өткен.