Алматы полицейлері 147 заңсыз қару сақтау фактісін анықтады. Бұо туралы Polisia.kz. хабарлайды. Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, атыс қаруын қолданумен жасалған қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматыда республикалық “Қару” жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.– Азаматтық және қызметтік қару айналымына тиімді мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Заңсыз сақталған қаруды анықтау үшін 38 топ құрылды. Жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезеңінде барлығы 147 азаматтық және қызметтік қаруды сақтау, есепке алу және қайта тіркеу шарттарын бұзу деректері анықталып, нәтижесінде 145 жеке меншік иесі және 2 заңды тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы (Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін 89 бірлік тіркелген қару тәркіленді. Одан бөлек, заңсыз айналымнан 8 бірлік тіркелмеген қару, 1 бірлік жарылғыш зат, 549 мылтықтың патроны, 6 тегіс ұңғылы қарудың патроны, 10 травматикалық қарудың патроны, 5 дана суық қару, 2 жарықты-шулы граната тәркіленді. ҚР ҚК-нің 287-бабына (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес тіркелмеген тегіс ұңғылы, газ-травматикалық және газды қаруды заңсыз сақтау бойынша барлығы 11 қылмыстық іс тіркелді, – деп хабарлады Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев. Сондай-ақ ПД-да тексеріспен пневматикалық қарулар мен электрошокерлерді сататын жерлер қамтылғанын, заңға сәйкес, қаруды сату құқығына лицензиясы бар заңды тұлғалар сатуы тиіс екенін атап өтті. – Қаладағы базарлардағы сауда орындарын тексердік. “Ялян” базарында пневматикалық мылтық пен электрошокерлерді сататын жеке кәсіпкерлер анықталды. Олар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді, нәтижесінде шаралар қабылданып, құқықтық баға берілетін болады, – деді Алматы қалалық ПД ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің басшысы Рахим Толокулов.