Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың, сондай-ақ басқа да заңсыз әрекеттердің дер кезінде алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматы полициясы күшейтілген қызмет түріне көшірілді.Осыған орай, ПД-ның басшысы Арыстанғани Заппаров Алматы гарнизонының бірыңғай саптүзеуін жүргізді. "Тәуелсіздік күні – орасан зор күш-жігердің арқасында осы мәңгілік құндылыққа қол жеткізген көптеген ұрпақтарға көрсетілген құрмет. Біздің алдымызда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеті тұр. Бұл біздің конституциялық және кәсіби парызымыз, ал оны жоғары ұйымдастырушылықпен және сапалы деңгейде орындау – департамент органдары мен бөлімшелерінің барлық қызметкерлерінің абыройлы міндеті. Әрбір полиция қызметкері қылмыспен және құқық бұзушылықпен күрес заңдылықты қатаң сақтауға негізделгенін есте ұстауы керек. Мемлекеттілік бізге болашаққа батылдықпен қарауға, болашағымызды айқын көруге мүмкіндік берді", – деді, Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров. Сондай-ақ Алматы полициясының басшысы полиция жұмысының сапасын арттыруға көмектесетін ішкі істер министрлігінің қызметтің сервистік моделіне көшу жөніндегі басым тұжырымдамаларының бірін жүзеге асыруға ерекше назар аударды. "Қаладағы тәртіп пен азаматтардың амандығы полицияның қалай жұмыс істейтініне байланысты. Тәртіп сақшыларының қоғаммен тығыз байланыста болуы өте маңызды. Ал материалдық-техникалық база мен мемлекеттік әлеуметтік қолдау олардың оқиғалардан қалыспай, қылмысқа қарсы тұруына мүмкіндік береді. Мереке қарсаңында жеке құрамға зор денсаулық, бақыт, отбасылық амандық және заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күресте сарқылмас күш-қуат тілеймін", – деді Арыстанғани Заппаров. Саптық тексеру барысында алдыңғы саптағы бөлімше қызметкерлерінің киім-кешектері, көліктердің жағдайы, техникалық жабдықтары тексерілді.Сонымен қатар қаладағы қоғамдық тәртіпті қорғауды күн сайын қолға алатын патрульдік полиция Полкінің, мамандандырылған батальонның жасақтары, учаскелік инспекторлар, ЖҚАЖ қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары командирлердің бағыт-бағдары мен нұсқауларын тыңдады. Ал, қызметінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, өз ісінің кәсіби маманы деп танылған полиция қызметкерлерін Тәуелсіздік күні мерекесіне орай полиция департаменті басшылығы марапаттады.