Алматы тауларында от жаққан 100 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов мәлім етті.«Таулы орманды жерлерде өрттің алдын алу мақсатында 90-нан астам бірлескен рейд жүргізілді. Оның барысында 7 мыңнан астам демалушыға жадынама таратылды. 170 - тен астам от жағу фактісі тоқтатылды, жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам сомаға 100 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ол. Спикердің сөзінше, күн райына байланысты Алматыда өрт қаупі сақталып отыр. «Жаз табиғи өрттің пайда болу қаупі айтарлықтай артатын уақыт екені бәріңізге белгілі. Олар қоршаған ортаға, экономикаға және адамдардың денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Ауа райы болжамына сәйкес, шілде айының соңында температура 40 градусқа дейін көтерілетін ыстық ауа райы күтіледі. Бүгінде «Қазгидромет» 2023 жылғы 23 шілдеден бері төтенше өрт қаупін сақталатынын айтып, шұғыл ескерту жасап жатыр», - дейді Данияр Жүсіпов. Департамент өкілі таулы жерде шылым шегіп, от жақпауға кеңес берді. Айта кетейік, Іле Алатау ұлттық паркінде ыстық тамақ дайындау үшін арнайы жабдықталған 14 орын, Алма-арасан шатқалының аумағында -12 орын, «Бутаковкада» 2 орын бар.