Алматыда 22 жастағы аруды танысы белгісіз сусын ішкізіп, алдап, зорлық көрсеткен. Жәбір көрген бойжеткен бірнеше ай бойы әділдік іздеп жүр. Құзырлыларға жүгінген. Алайда іс орнынан жылжымай тұр дейді. Элина есімді бойжеткен құрбыларымен бірге демалыс орнында кеш өткізген. Біраз уақыттан соң бұрыңғы танысы келіп, қызды сөзге тартып, коктейль ұсыныпты. “Бір ұрттамнан кейін өзімді нашар сезініп, қатты масайып қалдым” дейді Элина. Сол кезде құрбысымен такси шақырады, алайда оны күдікті бірге баруға ұсыныс тастап, қыздарды шығарып салғысы келеді. Элина, ЖӘБІРЛЕНУШІ: Өзі такси шақырды, құрбым түсіп қалған соң, мені өз үйіне алып барды. Есімді жия алмай, есеңгіреп тұрдым. Күшімді жинап, қарсылық көрсетуге тырыстым. Ештеңе шықпады, таңертең ғана есімді жиып, жақындарымды шақырып, мені алып кетулерін өтіндім. Ең сорақысы, 2 сот-медициналық сараптамада зорлықтың анық белгілері, зақымдар белгілі болды. Зорлықтың құрбаны болған бойжеткен құқық қорғау органдарына арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше ай бойы Элина психологиялық қиындықтардан жұмысына да шыға алмай қалды. 288 күндік тергеуден кейін полиция істі прокуратураға жөнелтеді. Алайда прокурор сол күні істі қосымша тергеуге жіберуді ұйғарды. Араша сұрап бойжеткен қоғамдық қордың көмегіне жүгінеді. Кирилл ВШИВКОВ, "SVET" ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің 6 жылдық тәжірбиемізде бұл ең ұзақ әрі қиын істердің бірі. Себебі де түсініксіз, өйткені дәлелдің бәрі бар, куәгерлер бар. Нақты күдікті де белгілі. Осының бәріне қарамастан, жәбірленуші осынша уақыт психологиялық қысымда өмір сүріп келді, ісі сотқа әлі жетпеді. Алматы қаласының прокуратурасы бұл іске қатысты ешқандай мәлімдеме жасамай, журналистердің хатына әлі жауап қайтармады. Алматы қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: Өндіріс аясында қажетті сараптамалар жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. 22 жастағы Элина жантүршігерлік оқиғадан кейін күдікті жазасынан құтылып кете ме деп алаңдауда. Қазіргі уақытта ол бостандықта жүр.