Қасқырға қой бақтырды. Алматыдағы мектептің бірінде күзетші оқушыға жәбір көрсетті. Ішімдікке тойып алып, білгенін істегісі келген. Қауіпсіздікке неге немқұрайлы қараймыз? Әйкерім Пернебек жәбір көрген қыздың жақындарымен тілдесті. Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ: Күзгі демалыстың бірінші күні 12 жастағы жеткіншек үшін сұмдық оқиғамен басталды. Дәл осы жерде, білім ордасына кіребергенде күзетші қызды күшпен ұстап, озбырлық көрсеткен. Ал мектеп әкімшілігі бұл істі жылы жауып қойғысы келген көрінеді. Ата-аналар жиналған бетте директор осы сыртқы есіктен қашып кетті дейді. 6-сынып оқушысы мектепке құрбысының үй тапсырмасын алып кетуге барған. Пән мұғалімі оны күзетшінің жанында қалдырған. Сол мезетте алпыс екі жастағы күзетші қызға бас салып, құшақтап, сүйген. Юлия, ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ: Её прям тресло, она прям не могла даже на улицу выйти… Қызым келгенде денесі дірілдеп, сөйлей алмай өте жаман хәлде болды. Айтып жеткізу мүмкін емес. Күзетші сағат 11-ден бастап ішкен көрінеді, қызым сағат екілердің шамасында мектепте көп адам болмағанда барған. Сүйіп, әдепсіз әрекеттер жасаған. Мектептің тарапынан ешқандай көмек болмады, олар бізде шу шығармаңыздар деп түрлі ұсыныстар жасады. Күзетшінің қызы келіп ақша ұсынды, әкесі ұзақ жылдар бойы ішімдік ішетінін айтты. Мен қызымды директор орнын босатпайынша мектепке жібермеймін. Сұмдық оқиғаны бастан кешірген жеткіншек бірден атасына хабарласып, мән жайды айтып берген. Ашуға булыққан ақсақал немересіне озбырлық жасаған күзетшімен әңгімесінің аудиожазбасымен бөлісті. Татьяна, ҚЫЗДЫҢ АПАСЫ: Жолдасым күзетшімен сөйлесуге келген ол қып қызыл мас болып отырды, айналасында бөтелкелер толы. Бар жігерін жинап ол кісіге қолының ұшын да тигізген жоқ. Біз ата-аналар болып директор мен әкімшілікті жазалауын сұраймыз. Мектепте болған жаға ұстатарлық жағдайдан кейін ата-аналар директордан жауап алмақшы болған. Дарья ШЕСТАКОВА, АТА-АНА: Балаларымызды бұл мектепке қалай жіберетінмізді білмейміз. Кеше директормен кездесуге келдік. Бірде бір сұрағымызға жауап бермеді. Мұғалімдер бүгін екінші есіктен қашып шығып жүр, директор камераларды көре сала қашып кетті. Бұл мектепте балалардың қауіпсіздігі үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Мектеп директоры түстен кейін ғана қарасын көрсетті. “Ішімдік ішкен күзетшіні біз емес, жеке компания жұмысқа алды” - деп жауап берді. Гүлшат АМИНОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: Біздің тарапымыздан “Алтын Әлем груп” ЖШС-мен келісімшартты бұзып, шағым түсіріп хабарлама жібердік. Шараға байланысты тәртіптік жаза пән мұғаліміне алынды, одан кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға берілді және мектептің әкімшілік, завхозға да әкімшілік тарапынан выговор берілді. Оқиға болған күннен бастап күзетші жауапкершілікке тартылып, жұмыстан босатылған. Қазір 15 тәулікке қамауға алынған. Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК 124 бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатқанын хабарлайды. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жәбір көрген 12 жастағы жеткіншектің жақындары күдіктіні ғана емес мектеп әкімшілігіне қатысты жаза тағайындалуын талап етіп отыр.