ТЖМ-де республикалық жедел штабтың кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.Дағдарыс жағдайларында басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың төрағалығымен Республикалық жедел штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Отырысқа азаматтық қорғау қызметтері, жедел штабтың жеке құрамы және аумақтық бөлімшелер қатысты. Жергілікті атқарушы органдармен және ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен бейнеконференцбайланыс барысында ТЖ министрі "Қазселденқорғау" ММ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, жолдар мен көпірлер қызметі (Қазавтожол), химиялық қызмет, медициналық қызмет, көлік қызметі, байланыс қызметінің баяндамаларын тыңдады. "Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС сейсмикалық жағдайды бағалауына сәйкес жақын арада Алматы болжамдық полигонының аумағында MSK-64K сейсмикалық шкаласы бойынша қарқындылығы 7 балдан асатын жер сілкінісі күтілмейді, - делінген хабарламада. Жедел штабтарда ұйымдастырылған жедел желі телефондарына азаматтардан 377 қоңырау келіп түсті. "Қазселденқорғау" ММ ақпаратына сәйкес Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстары бойынша барлық бекеттер бақылау мен деректерді берудің жеделдетілген режиміне ауыстырылды. Бекеттердің жалпы саны - 76. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша жер сілкінісі селден қорғау құрылыстарына теріс әсер еткен жоқ. Су режимінде ешқандай өзгеріс жоқ. Сырғымалар мен көшкіндердің жүруі туралы ақпарат түскен жоқ. Тексерулер жалғасып жатыр, - делінген ТЖМ таратқан хабарламада.