Алматыдағы ауруханалардың бірінде лифт істен шығып, салдарынан 73 жастағы кейуана шахтаға құлап кетті. Мекемеге ем алуға келген тұрғын ауыр жарақаттанып, шок алған. Оқиға қалалық ревматологиялық орталығында болды. Бұл жағдай жайлы зардап шеккен әженің немересі әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, тізесі ауыратын қария баспалдақпен көтерілуге қиналып, лифт шақырған. Бірақ лифт істен шыққан көрінеді, биіктігі 1 метрден асатын шахтаға құлайды. Ал лифттің жұмыс істемейтіндігі жөнінде жазуды мекеме қызметкерлері оқыс оқиғадан кейін ғана іліп қойса керек. Десе де, бүгінде тараптар татуласып, ортақ келісімге келген. Анаркүл КҮЛЕМБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ РЕВМАТОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қалалық ревматология орталығы, ең алдымен, болған оқиға үшін кешірім сұрайды. Қазіргі уақытта науқас қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасында барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Аталған факті бойынша қызметтік тексерістер жүргізілуде. Оның қорытындысымен кінәлілерге қатысты тиісті шаралар қолданылатын болады.