Алматыдағы жер үйлердің бірінде «маугли» балалар табылды. Үш бүлдіршін анасымен тұрғанымен, жылдар бойы қараусыз қалғандай, жантүршігерлік жағдайда өмір сүріп келген. “Үй-іші қоқыстан көрінбейді, айналадағы тұрмыстық қалдықтардың иісінен тұншығып отырдық” - дейді көршілері. Тағдыры тәлкегіне ұшыраған бүлдіршіндердің жағдайын Әйкерім Пернебек жеткізеді.Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ: Медеу ауданындағы бұл үйде бірнеше жыл бойы үш бүлдіршін адам шошырлықтай жағдайда өмір сүрген. Балалар күл-қоқыстың ортасында өсіп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, анасы балаларды үйге қамап шығармайтын көрінеді. Бұл жерде демалу мүмкін емес, сасық иіс қолқаны қабады. Бір жыл бұрын баласы үйінен қашып шыққан, полиция тауып, алып келген. Ол әйел балаларын шығармайтын. Көшіп келгенде жиі мына темір тордан көшеге қарап тұратын бүлдіршіндер. Балалардың бірнеше рет қашып, мүшкіл хәлде өмір сүріп жатқанын көрсе де көршілер ешқандай әрекет жасамаған. Лариса ГЕОРГЕВНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ол жақсы адам болып көрінетін. Мас күйінде ешқашан көрген жоқпын. Балалар өте сүйкімді, ақылды көрінетін. Бірақ кенже баласын ешқашан көрмегенмін, шығармайтын. Балалар далаға өте сирек шығатын. Ең сорақысы үйінің есігін ашқанда жағымсыз иістер көшені басып қалатын. Балаларға обал… Бүлдіршіндердің үлкені 7-де, кенжесі небәрі 3 жаста. Кішкентайының тіпті киетін жөнді киімі болмаған көрінеді. Отбасы бірнеше жыл бұрын Павлодардан көшіп келген. Осы жылдың мамыр айынан бастап тіркеуде болған. Әділбек ҚОЗЫБЕК, МЕДЕУ АУДАНЫ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Қолайсыз жанұя есебінде тұрған азаматшаны тексеріс барысында, байланысқа шықпаған. 8 тамызда ювеналды полиция бөлімі тексеріс барысында есігін ашпаған. Есігін тоқылдатын тыңдағанда балалардың дауысы шыққан. Инспектор шақырып есікті күштеп, бұзып кірген. Кірген жағдайда анасының мас күйінде болғаны анықталды. Қазір балалар мамандардың қарауында. Қызметкерлер оларды: “Қоғамға бейімделмеген, адамдардан сескеніп отырады” - деп сипаттады. Арман ЖЕДЕЛОВ, АЛМАТЫ Қ. МЕДЕУ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қиын өмірлік жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына балаларды орналастыру бойынша шаралар қабылданды. Медеу ауданының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға балардың анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесі бойынша құжаттар тапсырылды. 40 жастағы әйелге, ата-ана міндеттерін дұрыс орындамағаны және балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Бүлдіршіндер баларды қолдау орталығында алты айға дейін бола алады. Одан кейінгі тағдырын сот пен жауапты органдары шешеді.