Алматыда Африка құрлығының 60-тан астам азаматы Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған.Алматы қаласының көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Африканың 64 азаматы ұсталды, оның 55-і Нигерия, 5-і Камерун, екеуі Оңтүстік Африка және екеуі Кот-д’Ивуар және Сьерра-Леоне елінің азаматы. «Сот шешімімен олардың 12-сі Қазақстанның аумағынан шығарылды. Тәжірибе көрсеткендей, Африка елдерінің азаматтарының көпшілігі Қазақстанға туристік, жұмыс немесе оқу визаларымен келеді. Алайда олардың біразы уақытында елдеріне кетпей, Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов. Оның сөзінше, Алматыда өткен республикалық «Нелегал» іс-шарасы күндерінде шетелдіктерді шақырушы тарап қызметін атқарып, қонақтардың елдеріне уақытында кетуін қамтамасыз етпеген 5 фирма анықталған. Бұл заңды тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша жауапқа тартылды. Тағы бір жеке кәсіпкер осындай заң бұзушылықтың қайталануына байланысты шетел азаматтарын шақыру лицензиясынан айырылған. Сонымен қатар іс-шара күндерінде шетелдік жұмыс күшін қайта тартудың екі дерегі анықталып, жолы кесілді.