Алматы полиция департаменті Жамбыл ауданынан Алматыға бағыттаған таксиде анасы қалдырып кеткен 4 жастағы қыздың табылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Бұған дейін Қалмақбай Мәрмәр есімді 4 жастағы қызға іздеу салынғаны хабарланған еді. Алматы қаласының полиция департаменті бүлдіршіннің табылғанын мәлімдеді. “Бала аман-есен табылды. Ата-анасына тапсырылды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда”, – деді ведомство. Еске салсақ, Жамбыл ауданынан Алматыға беттеген белгісіз ақ көлікте қызын қалдырып кеткен ана кейін іздеу салғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Іздеу жұмыстарына кіріскен еріктілердің мәліметінше, 2024 жылы 2 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында 1984 жылы туған Бақытгүл Қалмақбай есімді келіншек Жамбыл ауданы, Үмбетәлі ауылынан Алматыға жолға шығады. Ол жол жөнекей көлік тоқтатқан. Келіншек қалаға жете сала шамамен сағат 20:49-да көлікте ұйықтап жатқан баланы қалдырып, Б.Момышұлы көшесіне жетпей, Райымбек көшесінен түсіп қалған.