Алматыда автобус жүргізушісі рульге ие бола алмай бағдаршам мен газ құбырына соғылып, жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Астана телеарнасы Кazinform-ға сілтеме жасап. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан №100 жолаушылар автобусы жолдың шетіне шығып кеткенін көруге болады. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 23 қазан күні түскі сағат 12:00 шамасында Медеу ауданында болды. «Foton» автобусының жүргізуші Халиуллин көшесімен батыс бағытта келе жатып Тәттібеков көшесінің қиылысында рульге ие бола алмай, жол жиегіне шығып бағдаршам мен газ құбырына соғылды», - деп хабарлады департаменттен. Жол апаты салдарынан 59 жастағы жаяу жүргінші зардап шекті. Ол ауруханаға жеткізілді. «Бұл факті бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы тексеру жұмыстарын бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалады, мән-жай анықталуда», - деп атап өтті ведомстводан.