Алматыдағы арнайы іс-шара барысында интернет-алаяқтар тобы ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлады. Топ құрамында құрамында 27 және 25 жастағы екі әйел және 28 және 33 жастағы ер адамдар бар.«Бостандық аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөліміне көмек сұрап жүгінген алматылық тұрғынның арызына сәйкес, күдіктілер алдау және сенімге қиянат жасау арқылы 1,1 млн теңге көлемінде қаражатты иемденіп кеткен. Ер адамның ұялы телефонына профилінде әпкесінің суреті бар абоненттен хабарлама келген. Хабарламаны жіберуші оның банктік шотына ақша жіберуді өтінген. Ер адам әпкесінің деректерін пайдаланған алаяқтарға емес, әпкесіне көмектескеніне сенімді болған», — дейді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.Алаяқтар Түркістан облысынан келген. Ұсталғандардың үшеуі бұрын да алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды. «Қылмысты ашуға екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметкерлері көмек көрсеткен. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша осы қылмыстық істің жан-жақты, толық және объективті тергелуін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің осы кезеңінде бұл топ жасаған үш бірдей алаяқтық дерегі анықталды», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.