Алматыда жатақхана тапшылығы жарты жылда 4 мың орынға дейін қысқарды. Қазір студенттерге 29 мыңға жуық орын қажет. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты қаладағы жатақханаларға мониторинг жүргізуді бастады. Бүгін олардың жолы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетіне қарасты 3 жатақханаға түсті. Мұнда рухтастар санитариялық нормалардың орындалуын, қауіпсіздік шараларының сақталуын тексерді. Заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Дегенмен, жоғарғы оқу орнының өкілдері «жатақхананың жанында тығыз орналасқан жекеменшік нысандардың зардабын шегіп отырмыз» деп уәжін жеткізді. Бұл мәселені партиялықтар өз бақылауына аламыз деп уәде етті. Айта кету керек, бұл мониторинг жылына 2 рет жүргізіледі. Ай соңына қаладағы барлық 95 жатақхана қамтылатын болады.Әкежан КЕҢЕСОВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:Қазіргі таңда тұрған жатақхана 1932 жылы салынған. Әрине, мұндай жатақханалардың барлығын дерлік капиталды ремонттан бөлек жаңадан салу туралы ұсыныстар жіберіліп жатыр. Университет басшылығымен де сөйлесіп жатырмыз. Енді бұл жатақхананың орнына жаңа жатақхана салу мәселесі көтеріліп жатыр. Өйткені, жатақхана тапшылығы бар. Екіншіден, бір ғасырға жуық тұрған жатақхана, әрине, ескі. Мобильді топ өкілдері Қызылордада кейбір оқу орындарының жатақханасында сылақтар түсіп, жеңіл жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғанын анықтады. Сондай-ақ, жылу жүйесі мен су құбырларын, төсек-жабдықтары мен толық ғимарат ішіне тексеру жұмыстарын жүргізді. Асхананың тазалық жұмыстарына да ден қойды.Ержан ЕСКЕНДІР, ОБЛЫСТЫҚ МӘЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:Жатақхана ішіндегі жылуы қанағаттанарлық, ыстық суы, жылы суы бар. Жуынатын бөлмелер барлығы жабдықталған. Қабырғасында, төбелерінде болған 1-2 жарықшақтарға жөндеу жұмыстарын уақытылы жасаймыз деп уәде беріп отыр.