Дүниежүзінде әрбір үшінші адам қан айналымы жүйесінің ауруына шалдыққан. Бүгінгі таңда бұл дерт жүрек сырқаттары мен инсультқа алып келіп, әлемде адам өлімі бойынша бірінші орында тұр. Елімізде бұл патологиядан болатын көрсеткішті төмендету үшін қарқынды жұмыстар атқарылып, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Бүгін Алматы қалалық кардиология орталығында жаңарған озық жүйенінің көмегімен жүрекке бірегей ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.32 жастағы Гүлбану Мұсаева туа біткеннен жүрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан. Келіншек «бір кезеңде ауыру сезілмей кетті, кейіннен аяқтарым ісініп, дем алуым қиындады» дейді. Жас ананың дерті үшінші жүктілігі кезінде қатты асқынып, операциядан басқа амал қалмаған көрінеді. Науқасқа 4 күн бұрын бейнеторакоскопиялық қолдаудың көмегімен митральды қақпақшаның аз инвазивті пластикасы жасалды. – Кішкентайымнан ауырдым, 15 жыл өткеннен кейін қайтадан сол ауру қайта келді. Тыныш алуым өиындап, аяқ ісе бастады, бала көтергеннен кейін қатты әсер берді. Сол үшін ота жасауға келістік. Қазір жақсымын, – деді науқас Гүлбану Мұсаева. Жаңа әдістің дәстүрлі түрде жасалатын жүрек операциясынан біршама артықшылығы бар. Ота барысында сүйек құрылымдарына зақым келмейді, соның арқасында науқастар тезірек қалпына келе алады. Сонымен қатар, бұл тәсіл асқыну қаупін едәуір азайтады. – Бұл науқасқа қақпақшасын алып тастап, ауыстарған жоқпыз. Өзінің қақпақшасын қолдан келгенше пластика жасадық. Ол қызметін жақсы атқаруда. Жаңа технологияның әдістемесі қабырға арасы арқылы кішкентай 5-4 см тілікпен жасалатын ота. Камера кіргізіледі, сол камера арқылы телевизорға қарап жасалады, – деді қалалық кардиология орталығы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мүсірепов. – Шынына келсек, аз инвазивті кардиохирургиялық операциялар саладағы революциялық шешім деп айтсақ болады. Үйренген дәстүрлі, кесуді талап ететін оталардан басқа, жаңа әдіске бет бұрғалы жатырмыз. Науқастардың көбі 60-70 жастан асқан егде жастағы азаматтар, бұл топтағы адамдарда қатер көп болуы мүмкін. Сондықтан емнің осы түрін ұсынамыз. Мақсат – осы тәсілмен жасалатын операцияларды көбейту, – деді қалалық кардиология орталығының директоры Роза Қуанышбекова Алматы қалалық кардиология орталығында жылына 500-ге жуық операция жасалады. Аз инвазивті торакоскопиялық оталарды енгізу заманауи кардиохирургияны дамытудағы маңызды қадам, бұл тәсіл жүрек ауруларын емдеудің озық әдістеріне қол жеткізіп, науқастарға тезірек оңалуға мүмкіндік береді.