Алматыда күн жылып, көктем келгелі кене шаққан адамдар саны артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрігері Қанат Тезекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Спикердің айтуынша, өткен аптада 52 науқас дәрігердің көмегіне жүгінген, оның 23-і бала. «Кенелер адамдарды көбінесе қала маңы мен тау баурайларында шаққан. Денеге жабысқан кенені теріден алған кезде оның бізтұмсығының қалып қоймауын қадағалап, мүмкіндігінше тезірек алып тастау керек. Егер дәрігерге бару мүмкіндігі болмаса, дәріханада немесе кез келген басқа жерде сатылатын қысқышы бар арнайы пинцет қолдануға болады. Кенені барынша жабысқан жерінен ұстау керек, пинцетті тістеген жерінен перпендикуляр ұстаңыз, кененің денесін айналдырған күйі алу керек. Көп ұзамай кене де теріден өздігінен шығуы керек», - деді Қанат Тезекбаев. Кенелер негізінен адам терісініңең жұмсақ жерлерін шағады. «Оларға мыналар жатады: құлақтың сырт жағы, мойын, бастың жоғарғы бөлігі, шынтақтың ішкі жағы, қолтық асты, іш, шап, жіліншіктің ішкі жақтары, тізе асты. Кененің шаққаны білінбейді, жәндік жараға ауырсынуды басатын зат енгізеді. Кене энцефалитіне жәндіктің өзі шаққаннан басқа, ауру ешкі мен сиырдың шикі сүтін ішу арқылы да жұғуы мүмкін. Көктемде және жазда кенелер адамға күннің немесе түннің кез келген уақытында қауіп төндіреді», - деді дәрігер. Кене шаққан соң, үш күн ішінде шұғыл профилактика жүргізу қажет. «Дене салмағының 10 келісіне 1 мл дозада кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу немесе тиісті кестеге сәйкес йодантипирин қабылдау қажет. Энцефалиттің асқынуы өте қауіпті, сондықтан оны алдын алу керек», - деп кеңес берді спикер. Оның айтуынша, жеке қорғаныс шараларынан бөлек, қала маңындағы аумақтарда да алдын алу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. "Ол үшін келесі шараларды жасау керек: аумақтан қоқысты шығару, үй жануарларының жүнін арнайы құралмен өңдеу, оларды мұқият тексеру, кенеге қарсы арнайы өсімдіктерді отырғызу, жерді ескі бұтақ, шөптерден жүйелі түрде тазалау, көгалды үнемі қырқу, кенеден тазартқыш құстарға ұя салу, жәндіктерді тасымалдаушы кеміргіштерді жою, қақпаның маңында ені 100 см үгінділер немесе қиыршық тас жол түрінде кедергі жасау қажет", - деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрігері Қанат Тезекбаев.