Алматыда бір жыл ішінде көру қабілеті төмендеген балалардың саны 3 есе көбейген. Мегаполисте 8000-нан астам бала нашар көреді. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті айтты. Мамандар мұны немен байланыстырады? Тілшіміз Мөлдір Жақан анықтап келді.Оқушылардың тереңдетілген профилактикалық тексерулерінің нәтижесінде анықталған патологиялар жұртты алаңдатып отыр. Бастауыш сыныптардан жоғары сыныптарға ауысқан сайын патологиясы бар балалардың саны артып келеді. Орта буын арасында нашар көретіндер 39,5%, жоғары буын оқушылары 37%, ал бастауыш сынып оқушылары 23,5%. Айжан Пернебек - 11-ші сынып оқушысы. ҰБТ-ға дайындалу үшін күні-түні кітап оқып, сабақтан бас алмай жүрген жасөспірім де көз көруінің нашарлағанын айтады. Айжан ПЕРНЕБЕК, ОҚУШЫ: Көп тақтаға қарап отырғанда, қазір электронды доска деген бар, мысалы, сол кітап оқып отырған кезде көзім қатты ауырып кетеді. Қазір күнге, жарыққа өте сезімтал болып кеткен. Таңғы сағат 4-те тұрып, үй жұмысын орындаймын. Потом мектепте 6-7 сабақтан сабақ оқимын. Қосымша сабақтар бар. Біздің осы классымызда 22 баланың 19-ы очки тағады. Нашар көретіндері өте көп. Мегаполистің санитариялық дәрігерлері де негізгі себепті оқу жүктемесінің артуымен байланыстырады. Көру қабілетінің төмендеуінің алдын алу үшін мектепте бірнеше факторды ескеру керек дейді. Мәселең, табиғи және жасанды жарық деңгейінің жеткіліктілігі, оқушылардың дұрыс орналастырылуы және сапалы оқулықтарды пайдалану. Гүлнәр КӘКІМОВА, АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Сабақ кестесін дұрыс құрап, сабақ уақытында үзілістер жасап отыру қажет. Сондай-ақ көзі нашар көретін балаларды алдыңғы қатарларға отырғызған жөн. Парталар мен орындықтар оқушылардың жас ерекшелігіне сай болуы тиіс. Себебі, омыртқа қисайса, ол да көру қабілетіне әсер етеді. Біз жылына бір рет мектептерге тексеріс жүргіземіз. Білім ордалары талаптарға сай болмаса, соны қолға аламыз. Офтальмологтар балалардың көру қабілетінің нашарлауына көптеген фактор әсер етеді дейді. Соның ішінде ерекше атап өтетіні – жастайынан гаджеттерді пайдалану. Айтуларынша, балаларға гаджеттерді тек 6 жастан бастап рұқсат ету керек. Оның өзінде 2-3 сағаттан артық ұстамауға кеңес береді. Сонымен қатар дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану керек дейді. Алмас АСЫЛБЕКҰЛЫ, КӨЗ ДӘРІГЕРІ: Лютеин, черника сияқты пайдалы заттар бар көзге әсер ететін. Сол витаминдерді беруге тырысу керек балаларға. Көп балалар оны өздері айтып жеткізе алмайды ата анасына көруінің нашарлауын. Олар көбінде көруінің нашарлаған кезде жақыннан оқуға тырысады, яғни басын еңкейтіп, столға жақындатып, болмаса кітап оқыса бетіне тақап тұрып оқу. Сондай жағдайлар болған кезде, бірінші кезекте дәрігерге көрсету керек. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Көру қабілетін сақтап қалу үшін дер кезінде дәрігерге жүгініп, көзге қажетті жаттығуларды жасап отырған жөн. Көз - адам жанының айнасы, маңдайындағы жұлдызы. Сондықтан оны қорғай білу керек. М. Жақан