Алматыда көшеде түкірген 4 мың адам 84 миллион теңге айыппұл арқалады. Бұл - тіркелгені. Қоғамдық орындарда осылай қақырып-түкіріп жүретіндер көп. Олар қала көркін, адам мәдениетін ойлап бас ауыртпайды. Тұрғындардың көбі жалп еткізіп түкірсең, жарқ етіп камераға ілігетінін ескермейтін секілді. Талапты пысқырмай, заңды белшеден басып жүргендер кімдер? «Түкіргенім бар» деу қазір қауіпті. Қоғамдық орында шабытыңды шақырып, бақырып айғайлауға болар, бірақ қақырып түкіруге рұқсат жоқ. Аз түкірігің үшін көп айыппұл арқалайсың. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Ақтөбеде жастардың сексен пайызы түкіреді. + Мен кеше штраф төледім. Мына жерден ұстап алды. Алдын алуға, қорқытуға болады жастарды шақыруға. 2. Сабақ болады деп ойлаймын. Өйткені үлкен кісілерге оңай емес жұмыс істеу,олар азаннан кешке дейін жүреді қала тазалайды. Қаланы таза ұстаған дұрыс қой. - Негізі өзіміздің өсіп келе жатқан өскелең балдарды үйрету керек тазалыққа, әдептілікке. - Шара қолдану дұрыс. Қаланың тазалығы дұрыс. Бір қарағанда, тәртіп сақшыларына түкіріктен басқа айналысатын шаруа жоқ па деуіңіз мүмкін. Бірақ қазір аялдамалар мен қоғамдық орындарда түкіріктен аяқ алып жүру қиын. Көрінбейтін жерге қақырса бір жөн, адам көп жиналатын жерге «таңба» салады. Бір ғана Алматының өзінде қыркүйек айында 234 адам тәртіп бұзған. Полицейлері түкірген азаматтардың бетін көрсетті. Салтанат ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: 103 жағдайда түкірген азаматтарға айыппұл салынды. Осы деректер бойынша құқықбұзушылар ҚР ӘҚбК-нің 434-2 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы -1 млн 770 мың теңге. Астанада да жағдай мәз емес. Елордада жыл басынан бері қоғамдық орындарда түкіргендерге 19 млн теңге айыппұл салынған. Олардың барлығы бейнекамералардың көмегімен анықталды. Арман АЙТМАҒАНБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың ластануына байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Әсіресе, қоғамдық орындарда және көшелерде түкіріп жатқан азаматтарға назар аударылады. Жыл басынан бері түкіргені үшін 1 200 азаматқа 19 млн теңге айыппұл салынды. Бүгінде оның 5 млн теңгесі немесе 28% өндірілді. Адам сілекейінде патоген микробтар мен бактериялардың 500-ден астам штамы өмір сүреді. Олар герпес, қызылша, құтыру, пневмония, тұмау, тіпті туберкулез бен гепатит сияқты ауруларды қоздыруы мүмкін. Түкірік кеуіп, одан бөлінген вирус ауамен таралады. Қорқыныштысы, ол вирустардың бір сағаттан бірнеше күнге дейін жұқтыру қаупі бар.