Алматыда қызылша өршіп тұр. Осыған байланысты қала мектептерінің бірінде бастауыш сыныптың оқушылары қашықтан оқуға ауыстырылды. Қызылша нөмірі 172-ші мектеп-гимназиясының білім алушылары арасында анықталған. Медеу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының мамандары комиссия өткізді. Мектеп әкімшілігіне қызылшаға қарсы вакцина алмаған бастауыш сынып оқушыларын 16 қазанға дейін қашықтан оқыту режиміне көшіру ұсынылды. “Алғаш ауырып бастағандар да осы екпе алмаған балалар”,- дейді мектеп директоры. Сөзінше, қазір білім ордасында тиісті санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлия ЧОРМАНОВА, №172 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ: Екінші қазаннан бастап он алтыншы қазанға дейін екі аптаға оқшаулау мерзіміне жібердік. Қазіргі таңда балалар үйден оқып жатыр онлайн режимде. Сұраған ата - аналарға компьютерлік құрал жабдықтармен қамтамасыз еттік. Мұғалімдер әр түрлі платформалар пайдаланып, сабақтарын беріп жатыр.