Алматыда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтіп, «Масс-медиа туралы» заң талқыланды. Жиын Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша дәстүрлі «Media құрылтай – 2023» салалық конференциясы аясында ұйымдастырылды. Медиа заңнаманы талқылау үшін депутаттар, сарапшылар және қоғамдық палата мүшелері 21 жұмыс отырысын өткізген. Журналистердің мәрте¬бесін көтеру, тәуелсіз ақпарат таратуға мүмкіндік жасау, дәстүрлі баспасөзді қолдау секілді ұсыныстар айтылған. Айдос СЫРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Біздің баспасөз қызық болуы керек, біздің баспасөзде бүкіл өмір шындығы қайнап тұру керек, айтылу керек. Сол үшін еркіндік те қажет. Сол үшін институцианалды көмек те керек. Мемлекеттік тапсырыс ол журналисттің аузын бұғаттап тастау емес, ол керісінше жолын ашу, мүмкіндігін ашу, ізденуге жол беру керек деген сияқты әңгімелер айтылып жатыр. Заңды ашық талқылау үшін отырысқа Мәдениет және ақпарат вице-министрі және халық қалаулыларымен бірге БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. “Бүгінгі таңда 179 позицияға өзгерістер енгізуге ұсыныстар түсті” - деді жұмыс тобының мүшелері. Заң жобасы 2 оқылымнан өтіп, сенаттың қарауына жіберілмек. Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Ақпарат дегеніміз кез-келген азаматқа сапалы, шынайы, сенімді ақпаратты уақытылы жеткізу. Міне осы мәселелерде біз қоғамның да, медиа қоғамдастығының да және мемлекекеттің де бағытын осы ортақ теңгерімді ұстауға байланысты осындай ұсыныстарды әзірледік, түзетулерді енгіздік.