Алматы станциясында күзетілетін теміржол өткелінде маневрлік құрам көліктерге соғылды.Facebook қолданушысы оқиға орнынан фотосуреттерді жариялады. Айтылып өткендей, құрамның екі көлікпен соқтығысуы Бурундайская көшесіндегі теміржол өткелінде болған. «Жоғары жылдамдықпен уақытша сақтау қоймасына бет алған маневрлік құрам екі бағыт бойынша өткелден өтіп жатқан машиналар ағынына соғылды. Шлагбаум ашық тұрған, бағдаршам істеген жоқ, өткел кезекшісі жол апаты болған соң ғана кабинасынан шықты. Екі көлік зардап шекті», - деп жазылған.«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 6 мамыр, таңғы сағат 09:42-де жеке кірме жолдың күзетілетін теміржол өткелінде болған. «Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Теміржол өткеліндегі дабыл дұрыс жұмыс істеп тұр. Өткелдегі кезекші – жеке кәсіпорынның қызметкері», - деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметінен.Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК автокөлік жүргізушілерін теміржол өткелінен өту кезінде мұқият болуға және жол ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырды. Айта кетейік, бұған дейін Алматыда теміржол бойына шығып кеткен самокатшының кесірінен машинист жолаушы пойызын шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған еді. Теміржол бойында болған тағы бір оқиға – Алматы облысында ер адам пойыздың жүруіне кедергі келтіріп, тас лақтырған.