Алматы қаласы Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғамдық орындардағы мазалау фактісі (ҚР ӘҚ Кодексі 449 бабы, 2 бөлігі) бойынша такси жүргізушісіне қатысты сот процесі аяқталды.Сот қаулысы бойынша, такси жүргізушісі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін және оның қайталануының алдын алу мақсатында кінәлі деп танылып, оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.Сот такси жүргізушісінің бұрын ҚР ӘҚ Кодексінің 449 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады. Ол 2023 жылы 21 мамырда Алматы қаласындағы халықаралық әуежайдың аумағында қоғамдық тәртіпті бұза отырып, Үндістан азаматына тасымалдау қызметтерін көрсету мақсатында мазасын алған. "Сот отырысында М. жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайын растап, кінәсін мойындады және жасаған кінәсіне өкінетінін мәлімдеді. Сот әкімшілік жазаның түрі мен мөлшерін айқындау кезінде әдептілік қағидаларын елемеу, айналасындағыларға құрметсіздік таныту, жол берілмейтін іс-әрекет, яғни азаматтардың мазасын алу секілді куәландырылған құқық бұзушылықтың нақты мән-жайларын назарға алды", делінген сот хабарламасында. 24 мамырда Алматыда Үндістан азаматтарын 800 доллар беруге мәжбүрлеген такси жүргізушісінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. 21 мамырда жеке тасымалдаумен айналысатын алматылық Үндістаннан келген туристерді көлігіне отырғызып, оларды Алматы халықаралық әуежайынан қонақ үйге дейін 1 мың теңгеге апаруға уәде береді. Алайда, діттеген жерге жеткенде такси жүргізушісі жолаушылардан 1180 доллар талап еткен. Ол шетелдіктерге заттарын бермеймін деп қорқытқан. Ақырында туристер оған 800 доллар беруге мәжбүр болыпты.